Елордада скутер жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзды
Астанада жасөспірімнің мопедіне мініп алып, полициядан қашқан видеосы әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаның басы жасөспірімнің Кенесары көшесіндегі филармония ғимараты жанындағы гүлзарда емін-еркін жүргенінен басталған. Бұл полиция қызметкерлерінің еріксіз назарын аударды. Оқиға орнына жеткен полицейлер мопедтің тіпті мемлекеттік нөмірі де жоқ екенін байқайды. Тәртіп сақшыларын көрген бозбала мопедіне мініп, қашып кетпек болады. Олардың «тоқта» деген талабын да елемеген.
Кенесары көшесін бойлай қашқан жасөспірім Сарыарқа даңғылына бұрылады. Содан Сарыарқа даңғылы мен Абай көшесінің қиылысына жеткенде полицейлер күштеп тоқтатты.
«Кәмелетке толмаған баланың заңды өкіліне көлік құралын басқару құқығы жоқ адамға басқаруға бергені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Кәмелетке толмаған жасөспірімге профилактикалық түсіндіру жүргізілді. Скутер коммуналдық мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды», – делінген ПД хабарламасында.