40 млрд текше метр су: Балқаш көлін сақтау үшін қандай шаралар қолданылып жатыр

Автор: Асыл Арман

Су ресурстары министрлігі үш жылдағы көрсеткішті жариялады

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Балқаш көлінің деңгейін сақтау үшін соңғы үш жылда оған 40 млрд текше метр су жіберілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Су ресурстары министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы Балқашқа 15,9 млрд текше метр су жіберілсе, 2025 жылы – 13,9 млрд текше метр. Ал биылғы мәлімет бойынша 9,7 млрд текше метрден астам су құйылыпты.

Ведомство Балқашқа су Қапшағай су қоймасынан жіберілетінін мәлім етті. Ал ол трансшекаралық Іле өзенінің суын реттеп отырады. Биыл Қапшағай су қоймасы 98 пайызға толды. Ал алдыңғы екі жылда су қоймасы толық көлемде 100 пайызға толтырылған.

«Балқашқа Іле өзені арқылы баратын су деңгейі жылдар бойғы орташа көрсеткішке сай. Бұл көлдегі су деңгейін сақтау үшін аса маңызды. Қазір Балқаштың су деңгейі – Балтық биіктік жүйесі бойынша теңіз деңгейінен 341 метр белгісінде. Сол сияқты франциялық сарапшылармен бірлесіп, Балқаш көлін 2040 жылға дейін сақтауға арналған бас жоспар әзірлену үстінде. Далалық зерттеулер жүргізілді. Қазір сол нәтижелерге талдау жасап жатырмыз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.