«Азаматтарға арналған үкімет» жүргізуші куәлігін заңсыз беру істері бойынша мәлімдеме жасады

Автор: Дәулет Ботагөз

Мекеме сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанатынын және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыра беретінін атап өтті

Фото: noks.kz

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүргізуші куәліктерін заңсыз беру фактілері бойынша аяқталған тергеуге қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мекеме өкілдерінің хабарлауынша, БАҚ-та жарияланған барлық заңбұзушылық фактісін Мемлекеттік корпорацияның өзі анықтап, материалдарды құқық қорғау органдарына жолдаған.

«Осы материалдардың негізінде қылмыстық істер қозғалды. Сондай-ақ тергеу барысында Мемлекеттік корпорация барынша қажетті көмек көрсетті. Жарияланымда көрсетілген мән-жайлар мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жекелеген процестерінде осал тұстар болған уақытта, яғни өткен кезеңдерге қатысты екенін атап өткен жөн», — деді мекеме өкілдері.

2026 жылдың 10 айында мекеме өз күшімен 1 055 заңбұзушылықты анықтады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі 2 602 фактімен салыстырғанда 59,5% аз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар жоспары аясында 336 семинар өткізіліп, оның 30-ы құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылды. Соңғы жылдары қызмет көрсету рәсімдері жетілдіріліп, ішкі бақылау мен ашықтық тетіктері күшейтілген.

«Азаматтарға арналған үкімет» сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанатынын және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыра беретінін атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада Арнайы ХҚКО қызметкерлері мен сырттағы делдалдардан құралған қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған болатын. Қылмыстық топ мүшелері теориялық емтиханда жауаптарды сыбырлап, базаға практикалық сынақтан өтті деген жалған мәліметтер енгізіп келген.