Тәртіп сақшысының жедел әрекетінің арқасында жарақат алған азаматқа уақытылы медициналық көмек көрсетілді
Астана қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Бақытжан Аманбай қызмет барысында өміріне қауіп төнген тұрғынға шұғыл көмек көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға патрульдеу бағытында болған. Полиция аға лейтенантына Audi S4 автокөлігінің жүргізушісі тоқтап, көліктегі досының басынан ауыр жарақат алғанын айтып, көмек сұраған.
Белгілі болғандай, ер адам су құбырларын орнату жұмыстарын жүргізу кезінде басына құбыр тиіп, қатты соққы алған. Жағдайдың аса қауіпті екенін түсінген полиция аға лейтенанты Бақытжан Аманбай зардап шеккен азамат отырған автокөлікті дереу сүйемелдеуге кіріскен. Полиция көлігінің арнайы дыбыстық және жарық сигналдарының көмегімен автокөлік медициналық мекемеге кедергісіз жеткізілді. Тәртіп сақшысының жедел әрекетінің арқасында жарақат алған азаматқа уақытылы медициналық көмек көрсетілді.