Шенеуніктің қазасын оның әріптестері растап, ведомствоның ресми парақшасында көңіл айту хабарламасын жариялады
Атырау облысы бойынша Әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің басшысы Бауыржан Асаиновтың денесі өзі тұрған пәтерден табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап.
Шенеуніктің қазасын оның әріптестері растап, ведомствоның ресми парақшасында көңіл айту хабарламасын жариялады. Марқұмның мәйіті 18 қазанда табылған.
Мәліметтерге сәйкес, Бауыржан Асаиновтың денесі пәтерде екі аптаға жуық жатқан. Осы аралықта үйде жылу қосылып, өлім себебін анықтауды қиындатқан.
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, оқиға алдында марқұм мен оның ағасы бірге спирттік ішімдік ішіп, жанжалдасуы мүмкін. Болжам бойынша, ұрыстың соңы төбелеске ұласып, ағасы Асаиновты ұрған. Кейін ол пәтерден шығып кеткен.
Алайда, бұл жанжалдың шенеуніктің өліміне қаншалықты қатысы бар екені және нақты өлім себебі ресми түрде әлі расталған жоқ.
Айта кетейік, Бауыржан Асаинов 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап Атырау облыстық әлеуметтік қорғау департаментін басқарып келді. Бұған дейін ол прокуратура органдарында, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде еңбек еткен, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ішкі қауіпсіздік басқармасын басқарған.