Еліміздің төрт ірі қаласында ауа сапасы нашарлайды

«Қазгидромет» синоптиктері 2026 жылдың 24 қазанында елдің төрт қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтілетінін ескертті

Еліміздің төрт ірі қаласында ауа сапасы нашарлайды
Фото: © istockphoto.com

«Қазгидромет» синоптиктері 2026 жылдың 24 қазанында елдің бірнеше ірі мегаполисінде қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ауада зиянды заттар жиналуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Синоптиктердің болжамынша, қолайсыз ауа райы Ақтөбе мен Алматыда күні бойы, ал Астана мен Көкшетауда түнде байқалады.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Мамандардың мәліметінше, бұл қалаларда баяу жел, инверсия және тұман сияқты факторлар бірігіп, жерге жақын қабатта ластаушы заттардың шоғырлануына әкеп соғады. Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.

Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:

1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.

2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.

3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.