«Ұлттық қор – балаларға»: 7 млн баланың есепшотына 2,5 млрд доллар түсті

Автор: Асыл Арман

Оның айтуынша, Қазақстан әлемдегі ең ықпалды елдердің қатарына қосылып, 34-орында тұр

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні мерекесіне орай өткен жиында ел дамуы жолында жеткен жетістіктерге тоқталып өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қоғамның барлық саласын қамтыған реформалар еліміздің дамуына тың серпін берді. 2019 жылдан бері экономикамыз 30 пайызға жуық өсті. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың доллардан асты. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 7 миллион баланың есепшотына 2,5 миллиард доллар қаржы аударылды. Былтыр 20 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша біздің аймақта көш бастап тұр», – дейді президент.

Ол өз сөзінде ұлттық экономиканың әлеуетін күшейтуге басымдық беріп, баса назар аударып отырғанын айрықша атап өтті. Оның айтуынша, қазір әлемдегі ең ықпалды елдердің қатарына қосылып, 34-орында тұрмыз.

«Еліміздің жалпы ішкі өнім көлемі 350 миллиард долларға жетіп келе жатыр. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі екінші орын деген сөз. Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі айтарлықтай артты, яғни 40 пайызға жетті. Кәсіпкерлеріміз отандық тауар өндірісін ұлғайтып, жаңа іскерлік мәдениеті қалыптасуда. Бүгінде осы салада еліміздегі еңбекке жарамды азаматтардың жартысына жуығы жұмыс істеп жүр», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.