Әскери омбудсмен әскери қызметшілердің құқықтарын қорғап, әскердегі заңдылықтың сақталуын қадағалауға тиіс
Бұдан былай елімізде әскери омбудсмен пайда болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы танымал заңгер, құқық қорғаушы Нұрсұлтан Орынбеков мәлімдеді.
Айтуынша, ол жыл басында Әскери омбудсмен институтын құру қажеттілігі туралы ұсыныс айтып, Президентке хат жолдаған.
«Бүгін Қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін осы мәселеге қатысты мәлімдеме жасалды. Мен үшін бұл — әскердегі әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әскери ортадағы заңдылықты нығайту бағытында көтерілген мәселенің өзектілігін көрсететін маңызды қадам», - деп атап өтті заңгер.
Сондай-ақ ол әскердегі тәртіпке қатысты тоқталды.
«Әскердегі тәртіп тек талап қоюмен шектелмеуі керек. Ол заңдылыққа, әділдікке және әрбір әскери қызметшінің өмірі мен қадір-қасиетін қорғауға негізделуге тиіс. Әскери омбудсмен институты — әскери қызметшілердің құқықтарын қорғаудың маңызды тетігі. Ендігі басты мәселе — бұл институттың нақты өкілеттіктерін, тәуелсіздігін және әскери бөлімдердегі мәселелерге жедел ден қою мүмкіндігін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету», - деді Нұрсұлтан Орынбеков.
Айта кетейік, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери реформа мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы әскердегі ауқымды реформаның жоспарын мақұлдады.