«Бетке ұстар пункт болады»: Қаржы министрі «Жібек жолы» кеден бекеті қазан айында ашылатынын мәлімдеді

Автор: Махан Миражан

Министр бірқатар елмен бақылау өткізу пункттері жаңғырып жатқанын айтты

Фото: үкімет

Құрылтайда өткен брифингте Қаржы министрі Мәди Такиев шекарадағы бақылау өткізу пункттерінің ахуалы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Министр бірқатар елмен бақылау өткізу пункттері жаңғырып жатқанын айта келе, Қазақстан әсіресе инфрақұрылымға ерекше көңіл бөліп отырғанын мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда бірнеше кеден пункттерінде инфрақұрылымды жаңғырттық. Мысалы, осы айда «Жібек жолы» пунктін бітіреміз. Ол біздің бетке ұстар пункт болады. Күніне 70 мың адамға дейін өтіп, 200 автобус, 3 мыңдай жеке көлік жүре алады. Әсіресе, мереке күндері Өзбекстанмен ақпарат алмасамыз. Мысалы, бүгінде бір пунктінің өзінен мерекелер алдында 45 мың адамға дейін өте алады. Сондықтан біз кеден бекеттерін жаңғыртып жатырмыз. Былтыр «Қапланбек», «Атамекен» пункттерін жаңғырттық. Былтырмен салыстырғанда осы тоғыз айдың ішінде 650 мыңға жуық автокөлік өтті», - деді Мәди Такиев.

Айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» кеден бекеті қайта жаңарту жұмыстарына байланысты 2025 жылғы ақпан айында уақытша жабылған болатын.