Алматыда «Жетісу-Семиречье» базарын әкімдік бұзып жатыр

Автор: Асыл Арман

Базардың жалпы аумағы 56,4 мың шаршы метр жерді алып жатыр

Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда жалпы аумағы 56 мың шаршы метрден асатын «Жетісу-Семиречье» базары бұзылатын болды. Осы оқиғаға байланысты қала әкімдігі ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Базар Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы Түрксіб ауданының Қайрат шағынауданында орналасқан. Қазір сауда орындарын бұзу жұмысы басталды.

Әкімдіктің мәліметінше, тексеру барысында «Статус Construction» компаниясы тиісті құжаттарсыз 56,4 мың шаршы метр жерге базар салғаны анықталған.

«Меншік иесіне қатысты әкімшілік шара қабылданып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Алайда нұсқама талаптары орындалмағандықтан, басқарма заңсыз нысандарды бұзу туралы талап арызбен Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінді. Осыдан кейін сот талқылаулары өтті. Алматы қалалық сотының қаулысымен мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың заңсыз нысандарды бұзу туралы шешімі өзгеріссіз қалды. Іс материалдары шешімді орындау үшін Әділет департаментіне жолданды», – делінген хабарламада.

Сот шешіміне байланысты әкімдік қазір базарды бұзып жатыр.