Бұл сол сияқты мал шаруашылығы үшін де маңызды
«Қазсушар» Павлодар облысында бірнеше көлдің деңгейін сақтап тұру үшін Шідерті өзенінен 115 млн текше метр су жіберді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, осының нәтижесінде 21 мың гектар жайылма жер суға толды. Бұл Әулиекөл көлдер жүйесіндегі, Басентин, Шығанақ, Бозайғыр және Жалаулы көлдеріндегі су деңгейін ұстап тұру үшін де қажет.
Ведомство мәліметтінше, бұл сол сияқты 450-ге жуық мал шаруашылығы қожалығын жем-шөппен қамтамасыз ету үшін де маңызды болмақ.
«Өңірдің экожүйелері мен биоалуантүрлілігін сақтау, сондай-ақ су нысандарын ластанудан және сарқылудан қорғау үшін жыл сайын су жіберіледі. Сол сияқты су жіберу мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз етіп, жергілікті ауыл шаруашылығының дамуына ықпал етеді», – деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.