Қостанайда ішіп алған үш еркек көшеде тұрған екі көлікті айдып, апатқа ұшырады деген күдікке ілінді
Олар алдымен «Газель» көлігін соққан, содан кейін Audi көлігін айдап кетіп, апатқа ұшыраған
Қостанай қаласының үш тұрғыны «Газель» мен Audi көліктерін ұрлап жол апатына ұшырады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қостанай облысының Полиция департаменті таратқан хабарламаға сүйенсек, «Газель» көлігі 17 қазанға қараған түні Алтынсарин көшесінде апатқа ұшыраған. Осыдан кейін олар жолында кездескен Audi көлігін айдап кеткен.
Жедел тергеу барысында полиция қызметкерлері аталған көліктерді ұрлап кетті деген күдікпен облыс орталығының үш тұрғынын іздеп тапты.
«Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Полиция қызметкерлері болған оқиғаның мән-жайын анықтайды», – делінген ПД хабарламасында.
Тәртіп сақшылары бөтен көлікті рұқсатсыз айдап кету қылмыстық іске апаратынын қатаң түрде ескертті.