Әкімнің мәліметіне сүйенсек, қазір қолданысқа берілген LRT станциялары арқылы 11,5 млн адам қатынаған
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Астана жаңадан салынып жатқан LRT станциялары туралы ақпарат берді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Қасымбектің айтуынша, қолданыстағы қазіргі станциялар ашылғаннан бері 11,5 млн жолаушы тасымалдаған екен.
«Астананың көлік инфрақұрылымын ары қарай дамытуға бағытталған жобаның екінші кезеңін іске асыру жұмысын қатар жүргізіп жатырмыз», - деп жазған Қасымбек нақты бағыттар мен нақты станциялар санын жазған.
Сонымен, Қасымбектің мәліметіне сүйенсек, Қосшы қаласына қарай бағытта ауқымды құрылыс жүріп жатыр.
«Бүгінге дейін 294 тірек (97%) орнатылып, 385 эстакадалық құрылым (73%) монтаждалды. 2026 жылдың соңына дейін №401, 402 және 403 станцияларда бетондау жұмысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл бағытта барлығы үш станция салу көзделген», - деп жазды әкім.
Ал қала халқы тығыз орналасқан тағы бір аудан – Жағалау бағытына қарай сегіз станция салынатын көрінеді.
«Оң жағалаудағы «Астана-1» теміржол вокзалына қарай бағыт №201 ауысып міну станциясын есепке алғанда, тоғыз станция салу көзделген. Геологиялық зерттеу жұмысы аяқталды. Сығанақ даңғылының бойында (Қабанбай батыр мен Тұран даңғылдарының арасындағы учаскеде) №201/301 станцияларының ауысып міну торабын салу жұмысы жүріп жатыр», - деп жазды Қасымбек.