Шымкентте биыл өсімдік шаруашылығы саласын қолдауға 411,8 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген
Шымкентте елді мекен аумағына кіретін ауыл шаруашылығы жерлерінің салығы гектарына 45 850 теңгеден 1 013 теңгеге дейін төмендеді. Биылдан бастап күшіне енген өзгеріс шаруалардың салық жүктемесін шамамен 45 есе азайтты. Бұл өзгеріс қаладағы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланатын шаруашылықтардың шығынын қысқартуға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Хайдаровтың айтуынша, қалаға республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен кейін ауыл шаруашылығы жерлерінің бір бөлігі елді мекен аумағына енгізілген. Соның салдарынан шаруаларға түсетін салық жүктемесі артқан.
2022 жылы жергілікті мәслихаттың шешімімен жер салығы 50 пайызға төмендетілгенімен, бұл шара мәселені толық шешпеген. Кейін орталық және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жұмыс жүргізіп, Салық кодексіне тиісті өзгерістер енгізілген.
«Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен жүргізілген жұмыстың нәтижесінде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жаңа Салық кодексіне қажетті өзгерістер енгізілді. Соның арқасында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елді мекен аумағындағы ауыл шаруашылығы жерлері үшін жер салығы гектарына 45 850 теңгеден 1 013 теңгеге дейін төмендетілді», – деді Нұрсұлтан Хайдаров.
Тоғыз айда шаруаларға 411,8 млн теңге бөлінді
Салық жүктемесін төмендетумен қатар, мемлекет егін шаруашылығындағы өндірістік шығындарды азайтуға бағытталған субсидиялау тетіктерін де қолданады. Шымкентте 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында өсімдік шаруашылығы саласын қолдауға 411,8 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген.
Басқарма өкілінің мәліметінше, субсидия алуға өтінімдер «gosagro.kz» порталы арқылы қабылданады. Қолдау шаралары шаруашылықтардың шығындарын азайтуға және егіс жұмыстарын уақытылы жүргізуіне жағдай жасауға бағытталған.
Атап айтқанда, белгіленген талаптарға сәйкес, тұқым сатып алу шығындарының 40–50 пайызы, минералдық тыңайтқыштар шығынының 50–60 пайызы субсидияланады. Бұдан бөлек, көктемгі және күзгі дала жұмыстарына жеңілдетілген бағамен дизель отыны бөлінеді.
«Биылғы жылы көктемгі дала жұмыстарына 312 тонна дизель отыны литріне 281 теңгеден қарастырылған. Ал күзгі дала жұмыстарына 119 тонна отын литріне 285 теңгеден бөлінген. Бұл қолдау шаралары тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай және техникаға жұмсалатын шығындары өсіп отырған шаруашылықтар үшін маңызды. Өйткені өндірістік шығындардың артуы өнімнің өзіндік құнына әсер етіп, шаруалардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін төмендетуі мүмкін», - деді Нұрсұлтан Хайдаров.
Шаруалар өнімін қайда өткізеді?
Өнімді өсірумен қатар оны тиімді бағамен өткізу де егіншілер үшін маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе, шағын шаруашылықтар үшін ірі сауда орындарына тікелей шығу, жеткізу шығындарын өтеу және тұрақты сатып алушы табу қиындық туғызуы мүмкін.
Осы бағытта Шымкентте ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. 2026 жылдың басынан бері қалада жалпы 267 азық-түлік жәрмеңкесі өткізілген. Оларға жергілікті тауар өндірушілер, шаруа қожалықтары және көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлер қатысады.
Жәрмеңкелердің негізгі мақсаты – өндірушілерге өнімін делдалсыз өткізуге мүмкіндік беру және тұрғындарға азық-түлікті қолжетімді бағамен ұсыну. Сонымен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін өндірушілермен келісімшарттар жасалып, өнімдер 90-ға жуық сауда орнында нарықтан төмен бағамен сатылып келеді.
Осылайша, Шымкентте шаруаларды қолдау тек субсидия бөлумен шектелмейді. Салық жүктемесін азайту, жеңілдетілген отынмен қамтамасыз ету және өнім өткізуге жағдай жасау шаралары да саланың тұрақты жұмыс істеуіне ықпал етеді. Дегенмен, бұл тетіктердің нақты нәтижесі шаруашылықтардың шығындарына, өнімді өткізу мүмкіндігіне және ауыл шаруашылығы өндірісінің табыстылығына байланысты болмақ.