Қазақстан мен Еуропалық Одақ стратегиялық серіктестікті нығайтпақ

Автор: Дәулет Ботагөз

Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Орталық Азия бойынша Еуропалық Одақтың Арнайы өкілі Эдуардс Стипрайспен ресми кездесу өткізді

Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Орталық Азия бойынша Еуропалық Одақтың Арнайы өкілі Эдуардс Стипрайспен ресми кездесу өткізді. Мәртебелі меймандар екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі тереңдету мен стратегиялық өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың оң динамикасын жоғары бағалады. Қарым-қатынастың басты институционалдық негізі ретінде Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық жөніндегі келісімнің стратегиялық маңыздылығы атап өтілді.

Тараптар биыл 23 маусымда Мемлекет басшысының Брюссельге сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдерді іске асыруға, «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» форматы аясындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ жоғары және ең жоғары деңгейдегі диалог пен келіссөздерді тұрақты жалғастыруға басымдық берді.

Еуропалық Одақтың өңірдегі экономикалық қатысуын кеңейту мақсатында тараптар көлік-логистикалық инфрақұрылымды нығайту перспективаларына баса назар аударды.

Келіссөздер барысында Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамыту, еуропалық инвестицияларды тарту және Global Gateway бастамасы шеңберінде ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Екі тарап та серіктестікті жаңа сапалық деңгейге көтеруге және ортақ жобаларды ілгерілетуге дайын екендіктерін растады.