Астанадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі: отандық өнімдер тиімді бағамен сатылды
Жәрмеңке екі күнге созылды
Астанада 17-18 қазан күндері Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 1600 тоннадан астам азық-түлік өнімдері жеткен. Оның ішінде ет және сүт өнімдері, көкөніс, жеміс-жидектер, бал, жұмыртқа, бакалея тауарлары, тоқыма киімдері мен бұйымдары елорда тұрғындары мен қонақтарына ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ет өнімдері
Астана қаласы әкімдігінің мәлімдеуінше, үш облыстан жәрмеңкеге 300 тоннаға жуық ет және ет өнімдері жеткізілген. Оның ішінде сиыр, жылқы және қой еті бар. Сонымен қатар өкпе-бауыр мен қазы-қартаны да тиімді бағада таба аласыз.
Сонымен қатар тауық еті де нарықтағы төмен бағамен сатылды. Атап айтсақ, үйрек пен қазды тиімді бағада өлшеп ала аласыз.
Балық өнімдері
Жәрмеңкеде балық өнімдерінің түрі көп болды. Сазан, көксерке, бахтах және албырт балығы молынан сатылды. Мамандар келушілердің сатып алған балығын бірден тазартып, тұздап беріп жатты.
«Жәрмеңкеге екі күн қатарынан келдім. Кеше көкөністер мен жеміс-жидектер сатып алдым. Бағалары дүкендермен салыстырғанда төмен бағада сатылып жатыр. Кеше пияз, картоп, ұн, сәбіз алдым. Ал бүгін жәрмеңкеде пияз мүлде қалмапты. Ұн да азайыпты. Соған қарағанда барлығы кеше өтіп кеткен сияқты. Бүгін ет алуға келдім. Еттің бағасы нарықтағы бағадан барынша төмен құнмен сатылып жатыр. Оның өзіне рахмет», - дейді елорда тұрғыны.
Сурет: Астана қаласы әкімдігі
Сүт өнімдері
Жәрмеңкеге келушелірге сүт өнімдерінің түр-түрі ұсынылды. Үй жағдайында дайындалған сүт, айран, сүзбе, қаймақ, сары май, ірімшік түрлері тиімді бағада сатылды.
«Павлодар облысынан үйде дайындалған сары майдың екі түрін алып келдік. Бірі тұзды сары май, екіншісі тұзсыз сары май. Кеше 65 келі сары май саттым. Бүгін екі сағаттың ішінде 15 келіге жуық май сатылды. Әр жыл сайын елордаға өнімдерімізді әкеліп отырамыз. Адамдар дәмін көріп, ұнатып сатып алып жатады», дейді павлодарлық кәсіпкер.
Сурет: Астана қаласы әкімдігі
Жәрмеңкеге келушілердің көбісі әсіресе Баянауыл мен Жаңаарқаның қымызын сатып алған. Сонымен қатар Ұлытау облысының тұзды құртына да сұраныс жоғары екені көрінеді.
«Ең дәмді қымызды Жаңаарқадан табуға болады. Бір литр қымызды 1700 теңгеден сатып алдық. Табиғи өнім, дәмі де керемет», - дейді елордалық.
Жәрмеңкеден бал мен күнбағыс майы өнімдерінің түрін көп кездестіруге болады.
Сурет: Астана қаласы әкімдігі
«Астанаға бал мен күнбағыс майын алып келдім. Балдың бағасы 2700 теңгеден, ал күнбағыс майының бағасы литрі 1300 теңгеден. Биыл жәрмеңкеде бұл өнімдер өте көп сатылып жатыр. Сондықтан көп өнімді сата алмады. Себебі биыл таңдау өте көп», - дейді кәсіпкер.
Сонымен қатар Павлодардан жеткізілген шұжық пен ірімшіктің үй жағдайында дайындалған алуан түрін кездестіруге болады.
Жемістер-жидектер
Жәрмеңкеде жеміс-жидек пен көкөніске деген сұраныс жоғары болғанын байқауға болады. Себебі келушілер көтерме бағада қаптап сатып алып жатты. Алма, алмұрт, құрма, банан, жүзім, мандарин және апельсин сияқты жемістің барлық түрі кездеседі. Сонымен қатар қарбыз-қауынды сатып алуға кезекке тұрған халықтың қарасы қалың болды.
«Қарбыз және екі қауын сатып алдым. Өте үлкен екен. Дәмді деп ойлаймын. Бағалары да жақсы. Бұдан кейін қарбыз бен қауынды жәрмеңкеден, дүкеннен, базардан таппайсын. Маусымы аяқталды. Енді піспейді. Сондықтан адамдар мүмкіндігінше қарбыз-қауын алып жатыр» - дейді тұрғын.
Сондай-ақ жәрмеңкеден жидектің барлық түрін кездестіруге болады. Жидекпен қатар, шәйдің түр-түрі кездеседі. Мәселен, көк шәй, қызыл шәй, шөп шәй, жеміс-жидекті шәй, имбир шәй және емдік шәйлар.
Көкөністер
Салат жасап, банкі басу үшін қысқа ертерек қамданған халық әсіресе көкөніс өнімдерін көп сатып алып жатты. Әсіресе сәбіз, пияз, болгар бұрышы және қызанақ пен қиярды молынан сатып алды. Көкөністердің сұрыпына қарай түрлері де көп болды.
Сурет: Астана қаласы әкімдігі
Сонымен қатар жәрмеңкеге келушілердің қатары Солтүстік Қазақстаннан жеткізілген ұн өнімдерін қаппен алып жатқанын көруге болады. Тұрғындар ұнның бағасы нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен бағада сатылып жатқанын айтып, сапасы да жоғары екеніне сенім білдірді. Айта кетейік, 50 келілік бірінші сұрып ұны – 11 000 теңге. Ал жоғары сұрыптағы ұнның бағасы 13 мың теңге.
Атап өткен жөн, жәрмеңкеге кәсіпкерлер ауыл шаруашылық өнімдерімен қатар үй жағдайында дайындалған салаттар мен тоқаштың түрлерін көп қамтылған.
Сонымен қатар жәрмеңкеге арнайы келген шебер өз қолымен жасаған домбыраларын жиналған қауымға паш етті. Қазақы оюмен өрнектелген, сапалы ағаштан жасалған үлкенді-кішілі домбыраға қызығушылық танытқандар да көп болды. Бағасы – 17 000 теңге, ал мини нұсқасы 5000 теңгеден белгіленген.
Екі күнге созылған жәрмеңкеге келушілердің қарасы қалың болды. Әуезді ән де ойнап, тұрғындарға шағын концерт ұйымдастырылды. Адамдар қауіпсіздігі қадағаланып, жәрмеңке алаңында жедел жәрдем, төтенше жағдай мен полиция қызметкерлері де жұмыс істеді.
Осылайша, елорда тұрғындарына қолжетімді бағамен сапалы отандық өнімдер қамтамасыз етілді.