Алматыдағы «Аяжан» клиникасына жоспардан тыс тексеру жүргізіледі

Автор: Дәулет Ботагөз

Тексеру шаралары аталған медициналық мекемеде жеке медициналық кітапшаларды заңсыз беру фактілерін анықтауға бағытталған

Фото: © istockphoto.com

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа байланысты Алматы қаласындағы «Аяжан» жекеменшік клиникасының қызметіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тексеру шаралары аталған медициналық мекемеде жалған медициналық анықтамалар мен жеке медициналық кітапшаларды заңсыз беру фактілерін анықтауға бағытталған.

Денсаулық сақтау министрлігі ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес ресми құжаттарды қолдан жасау, дайындау, өткізу және жалған құжаттарды пайдалану қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын атап өтті.

Медициналық құжаттар тек нақты жүргізілген тексерулер мен зерттеу нәтижелері негізінде ресімделуі тиіс. Заңсыз құжаттарды дайындағандармен қатар, жалған анықтамалар мен еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын көрінеу сатып алған немесе пайдаланған азаматтар да жауапқа тартылады. Тексеру барысында заңбұзушылықтар расталса, уәкілетті органдар тиісті шаралар қабылдайды.

Айта кетейік, 2026 жылдың басынан бері Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы 13,7 миллионнан астам электрондық медициналық құжат қалыптастырылып, берілген.