Абай облысында полиция жоғалған 7 жасар баланы іздеп тапты

Автор: Дәулет Ботагөз

Күндіз атасы мен әжесінің қарауында болған бала үй ауласынан белгісіз бағытқа шығып кеткен

Фото: ІІМ

Абай облысында полиция қызметкерлері Үржар ауданында жоғалып кеткен жеті жасар баланы іздеп тапты. Ол елдімекеннен бірнеше шақырым қашықтықтағы ауыл шаруашылығы алқабынан табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Күндіз атасы мен әжесінің қарауында болған бала үй ауласынан белгісіз бағытқа шығып кеткен. Жақындары оны алдымен өз бетінше іздегенімен, нәтиже шықпаған соң бірден тәртіп сақшыларына жүгінген.

Баланың әжесі оның даму ерекшеліктері бар екенін айтып, сақшылардан шұғыл көмек сұраған. Дабыл түскен бойда полиция жеке құрамы іздестіруге жұмылдырылып, жақын маңдағы көшелер, аулалар мен су айдындарының айналасы мұқият тексерілді.

 Полицейлер дереу іздестіру жұмыстарына кірісіп, аулаларды, көшелерді және су айдындарының маңындағы аумақтарды аралап, баланың болуы мүмкін жерлерді тексерген.

Сағат 16:00 шамасында полиция капитаны Азамат Дүйсебаев пен полиция аға лейтенанты Ролан Байтлеуов баланы Үржардан төрт шақырым жердегі ауыл шаруашылығы алқабынан тапқан. Бұл қуанышты хабар бірден оның жақындарына жеткізілді.