Алматыда қойма кешенінен өрт шықты

Автор: Дәулет Ботагөз

ТЖД мәліметінше, оқиға Жамбыл көшесінде болған

Фото: ТЖМ

Алматы қаласының Алмалы ауданында ірі көлемдегі қойма кешенінен өрт шығып, төтенше жағдайлар қызметі тілсіз жауды толықтай ауыздықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ТЖД мәліметінше, оқиға Жамбыл көшесінде болған. Екі ярусқа орналастырылған 40 контейнерден жабдықталған қойма отқа оранған. Жалынның күші мен ауқымы кеңейіп, өрт көршілес жатқан екі қабатты әкімшілік ғимаратқа ішінара таралған.

Қоймадағы тауарлық-материалдық құндылықтардың көптігі, жоғары температура және құтқарушылардың ғимарат ішіне кіруіне кедергі келтірген техникалық қиындықтар өртті сөндіру жұмыстарын күрделендірді.

Құтқарушылардың үйлесімді әрекетінің арқасында өрт ошағы оқшауланып, толықтай жойылды.

Қызыл жалын 280 шаршы метр аумақта ауыздықталды. Төтенше оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.

Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себебін және келтірілген материалдық шығын көлемін анықтауға кірісті.