900 бас сауын сиыры бар: Ақмола облысында заманауи сүт фермасы ашылды

Ақмола облысында жаңа сүт-тауарлы ферма ашылды

900 бас сауын сиыры бар: Ақмола облысында заманауи сүт фермасы ашылды
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Ақмола облысының Ақкөл ауданында «Еңбек» ЖШС-нің жаңа сүт-тауарлы фермасы іске қосылды. Маңызды нысанның ашылуы Қазақстан Республикасы күнінің 35 жылдығына орайластырылды. Жаңа кешеннің құрылысы мен жабдықталуына 8 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды. Қаражаттың басым бөлігін «Көкше» өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бөлсе, қалған бөлігін шаруашылықтың өзі инвестициялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгінде ферма толықтай малмен қамтылған. Мұнда 900 бас сауын сиыры бар. Олардың қатарында сүт өнімділігі жоғары, Даниядан жеткізілген элиталық голштин тұқымды сиырлар да бар.

Өндіріс тиімділігін арттыру, малға қолайлы жағдай жасау және сүтті уақытылы өңдеуге жөнелту мақсатында кешен Германияда өндірілген заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар экологиялық талаптарға ерекше көңіл бөлінген. Фермада көңді шығаруға арналған заманауи жүйе мен барлық қалдықты толық өңдейтін биокешен жұмыс істейді.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, өңірде сүтті мал шаруашылығын дамыту және заманауи өндіріс орындарын ашу агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттарының бірі саналады.

«Біздің міндетіміз – мал басын көбейтумен ғана шектелмей, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтатын жоғары технологиялы өндірістер құру. Сүтті мал шаруашылығын дамыту – өңіріміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі басым бағыттардың бірі. Бүгінде бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Жеңілдетілген несие беру бағдарламалары аясында 10 сүт-тауарлы ферманы қаржыландыру мақұлданды. Бұл сүт өндірісінің көлемін едәуір арттырып, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Марат Ахметжанов.

Қазіргі уақытта облыстағы алты сүт-тауарлы ферма өнім өндіріп, өңірдегі сүт көлемінің шамамен 40 пайызға артуына ықпал етті. Алдағы уақытта тағы бірнеше нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2030 жылға қарай тауарлы сүт өндірісін екі есеге жуық арттырып, жылдық көлемін 140 мың тоннаға жеткізу көзделген.

Сонымен қатар өңірде ет өндірісін дамытуға да басымдық беріліп отыр. Бұл бағытта жаңа репродукторлар мен мал бордақылау алаңдарын салуға қомақты инвестиция тартылуда. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары жергілікті шаруашылықтардың өндірістік әлеуетін арттырып, агроөнеркәсіптік кешенді кешенді дамытуға жол ашуда.