Қазақстан Халық Кеңесі мен ЕО қоғамдық диалогты дамыту жолдарын талқылады
Еуропалық делегация Қазақстан Халық Кеңесі институтының бірегейлігін атап өтті
Қазақстан Халық Кеңесінің басшылығы Орталық Азия бойынша Еуропа Одағының арнайы өкілі Эдуардс Стипрайспен және Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкичпен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Келіссөздер барысында еуропалық тарапқа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды реформаларының заңды жалғасы болып саналатын конституциялық реформаның міндеттері туралы ақпарат берілді. Жаңа Конституция бірегей институт – Қазақстан Халық Кеңесін құруға негіз қалады.
Тараптар әңгіме барысында Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің мемлекет басшысы алғашқы сессияда айқындаған міндеттерді іске асыру аясындағы жұмысының негізгі бағыттарына ерекше назар аударды. Қоғамдық диалогты тиімді жолға қою және жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатымен этномәдени бірлестіктерді топтастыруға, өңірлермен өзара іс-қимылды кеңейтуге және қоғамдық бастамаларды дамытуға басымдық беріліп отыр.
Еуропалық делегация Қазақстан Халық Кеңесі институтының бірегейлігін атап өтіп, қазіргі таңда оған тікелей ұқсас институттардың жоқ екенін айтты. Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысына әйелдердің, жастардың және ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың белсенді тартылуына жоғары баға берілді. Мұндай тәсіл түрлі өңірлер мен кәсіби қауымдастықтардың өкілдерін бастамаларды жан-жақты талқылау үшін біріктіруге мүмкіндік бергені атап өтілді.
Еуропа Одағының өкілдігі Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларға халықаралық қоғамдастықтың ерекше қызығушылық танытып отырғанын атап өтіп, Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдірді.