Тоқаев Ереванда ЮНЕСКО басшысымен және Еуропалық комиссияның өкілімен кездесті

Автор: Асыл Арман

Қазақстан мен Еуропа Одағының орнықты даму, энергетика және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастығын нығайту мәселелері қозғалды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Биоалуантүрлілік мәселелері бойынша саммит аясында бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметінше, Ереванда өтіп жатқан COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік мәселелері бойынша саммит алаңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО бас директоры Халед Әл-Ананимен және Еуропалық комиссияның таза, әділ және бәсекеге қабілеттілікке көшу мәселелері жөніндегі атқарушы вице-төрағасы Тереза Риберамен кездесті.

«Халед Әл-Ананимен кездесуде Қазақстанның ЮНЕСКО-мен білім беру, ғылым және мәдениет салаларындағы ықпалдастық перспективасы талқыланды. Халықаралық бастамаларды ілгерілетудегі ынтымақтастықты кеңейтудің маңызы айтылды. Бұл елдер арасындағы гуманитарлық байланыстарды дамытуды және диалогты нығайтуды көздейді», – делінген хабарламада.

Ал Тереза Риберамен әңгімелесу барысында Қазақстан мен Еуропа Одағының орнықты даму, энергетика және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастығын нығайту мәселелері қозғалды.