Тоқаев жаһандық саммитте жердің тозуы мен су тапшылығы мәселесін көтерді
Президент табиғатты сақтау жөнінде келер ұрпақ алдында ортақ жауапкершілік пен халықаралық күш-жігерді үйлестіру қажет екенін еске салды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияның Ереван қаласында өтіп жатқан COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшысы саммитке қатысушыларға ілтипат білдіріп, қонақжайлық танытқаны және БҰҰ Биоалуантүрлілік бойынша конференциясы аясындағы көшбасшылар саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін премьер-министр Никол Пашинянға алғыс айтты.
Президент табиғатты сақтау жөнінде келер ұрпақ алдында ортақ жауапкершілік пен халықаралық күш-жігерді үйлестіру қажет екенін еске салды.
«Біз табиғат тартуын болашаққа жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында жиналып отырмыз. Яғни күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келуі ықтимал өскелең ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік жөнінде сөз қозғадық. Бұл – біздің өркениетіміздің аман қалуына да қатысты мәселе. Өйткені биоалуантүрлілік адамдар игілігін, экономикалық орнықтылықты және ұзақмерзімді қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өте қажет. Бүлінбеген экожүйелер азық-түлік өндірісінде, су ресурстарын қорғауда және миллиондаған адамды кіріс көзімен қамтуда маңызды рөл атқарады», – дейді президент.
Ол сөзін жалғай отырып, шөлейттену және су тапшылығы, басқа да экологиялық проблемалар табиғат пен адам арасындағы нәзік тепе-теңдікке орасан қауіп төндіретінін тілге тиек етті.
«Судың жеткіліксіздігі мен жердің тозуы миллиондаған адам үшін үйреншікті жағдайға айналды. Мұның салдары тым ауыр. Себебі бұл үдерістер мемлекеттер аумағынан ары асып, орнықты дамуды тежейді әрі жаһандық тұрақтылыққа зардабын тигізеді. Мұқият ойластырылған және нақты шараларды қамтитын экологиялық күн тәртібі саяси қайшылықтарды еңсеруі қажет. Бізге шынайы серіктестікке, бөліп-жармауға негізделген, ең бастысы, нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастық керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан бірегей биоалуантүрлілігімен ерекшеленетінін айтты.
«Табиғаттың осы сыйын сақтау – жұрт алдындағы борышымыз, сондай-ақ халықаралық қоғамдастық алдындағы жауапкершілігіміз. Бұл құндылықтар Қазақстанның жаңа Конституциясында айқын көрініс тапты. Ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңымызда бекітілді. Енді азаматтар табиғат пен оның ресурстарын көзінің қарашығындай сақтауға міндетті», – дейді мемлекет басшысы.
Ол сөз арасында азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің маңызды мақсаттарының бірі ретінде белгіленгенін тілге тиек етті.
«Табиғат байлығын сақтау экономикалық өрлеумен қатар жүруі керек екеніне сенімдіміз. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы осы құндылықтарды арқау еткен. Бұл қозғалыс қарапайым экологиялық тазалық ауқымынан шығып кетті. Оның азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал ететін жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқаны қуантады», – деді президент.