«Елдеріне жақсы әсермен оралады деп үміттенемін»: Тоқаев Бельгия королінің сапарынан кейін пост жазды

Автор: Асыл Арман

Президенттің айтуынша, осы үш күн ішінде елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын көптеген мәселе талқыланды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия королі мен патшайымының ресми сапарынан кейін желідегі парақшасында арнайы жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президенттің айтуынша, Бельгия Қазақстан экономикасына инвестиция құйған 10 елдің қатарына енеді.

«Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Бельгиялықтар Королі Филипп және Патшайым Матильдамен мазмұнды әрі нәтижелі келіссөз жүргіздім. Бельгия – Еуропадағы сенімді серіктесіміздің бірі. Қазақстан экономикасына қаржы құйған он ірі инвестордың қатарына кіреді», – дейді президент.

Оның айтуынша, осы үш күн ішінде елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын көптеген мәселе талқыланды.

«Аса мәртебелі король Филипп пен патшайым Матильда халқымыздың қонақжай пейілін байқап, тағылымды тарихымен және бай мәдениетімен танысып, елдеріне жақсы әсермен оралады деп үміттенемін. Қазақстан – Бельгия достығы жасай берсін! L’union fait la force» – «Бірлік бар жерде тірлік бар», – деп жазды президент әлеуметтік желідегі парақшасында.