Бүгін Астанада «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Алмат Әбдікешов түрлі мәселемен келген азаматтармен кездесті
Бүгін Астанада «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Алмат Әбдікешов түрлі мәселемен келген азаматтарды қабылдап, олардың мәселесін тыңдады. Депутаттық қабылдау бөлмесінде 9 азамат өзінің өтінішін жеткізді. Олар несие мәселесі, мүгедектігі бар балаға медициналық көмек көрсету және отандық өндірісті шикізатпен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Коллекторлардан қорыққан зейнеткер баспанасынан айырылып қаламын деп алаңдайды
Депутатқа мәселесін айтып, қабылдауға келгендердің қатарында 66 жастағы Файма Исина бар. Денсаулығына байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған әйелдің қаржылық жағдайы қиындап, банк алдындағы қарызын өтеу қиынға соққан. Енді ол баспанасынан айырылып қаламын ба деп алаңдап отыр.
Әйелдің айтуынша, үйіне коллекторлар келіп пәтерін тартып алатындарын айтып, қорқытқан.
«Мен қарызымды төлеуден бас тартып отырған жоқпын. Үйге ер адамдар келіп, «пәтеріңді алып қоямыз» дейді. Көмектесіңізші, Алмат Жанболатұлы», – деп өтініш білдірді Файма Исина.
Қабылдау кезінде зейнеткер пәтерінің кепілде тұрмағанын және ипотекаға алынбағанын айтты. Депутаттың түсіндіруінше, мұндай жағдайда баспананы қарыз үшін тартып алу мәселесі заң талаптарына сәйкес қаралуы тиіс. Ол әйелге қарызды қайта құрылымдау немесе банкроттық рәсіміне жүгіну мүмкіндігін қарастыруға кеңес берді.
«Біз зейнеткерге бұл жағдайда баспананы алып қоюға болмайтынын түсіндірдік. Қажетті кеңес берілді. Қарызды қайтару бойынша банкроттық рәсіміне өтініш беруге болады. Мұндай мәселе жиі кездеседі және мемлекет тарапынан оны шешудің тиісті тетіктері қарастырылған», – деді Алмат Әбдікешов.
ДЦП диагнозы бар алты жасар балаға ота қажет
Депутаттың қабылдауына Ақылбековтер отбасы да келіп, көмек сұрады. Олардың алты жасар ұлы Инсарға туғаннан бері мүгедектік берілген, балаға ДЦП диагнозы қойылған. Ата-анасы дәрігердің қорытындысы бойынша қажетті циркумцизия отасын жасауға көмектесуді сұрайды. Оның құны шамамен 100 мың теңге.
Отбасы бұл процедураны Астанадағы Ана мен бала орталығында жасатқысы келеді. Әкесі жеке клиникалар баланың денсаулығына байланысты жауапкершілік алуға дайын емес екенін айтты. Оның үстіне, баланың эпилепсиясы да бар.
«Ұлымыз алты жаста, ДЦП диагнозы бар. Оған циркумцизия отасы қажет, хирургтың қорытындысы бар. Мүгедектігі бар балаларға мұндай отаны Ана мен бала орталығында жасаған дұрыс, өйткені бұл – мамандандырылған мекеме. Жеке клиникаларға жүгіндік, бірақ олар жауапкершілік алғысы келмейді. Баламызда эпилепсия да бар. Егер бір жағдай болып қалса, біз қорғансыз қаламыз», – деді баланың әкесі.
Алмат Әбдікешов медициналық көмекті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында алу мүмкіндігін қарастыруға болатынын айтты. Сондай-ақ ол отбасыға көмектесу жолдарын анықтау үшін Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасына жүгінуді жоспарлап отыр.
Отандық кәсіпорын шикізат тапшылығына тап болған
Депутаттың қабылдауына Ақтөбе хром қосындылары зауытының басшысы да өтінішімен келді. Кәсіпорын басшысының орынбасары Нұрлан Сарынжипов өндірісті отандық шикізатпен қамтамасыз етуге және перспективалы учаскеде қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензия алуға жәрдемдесуді сұраған.
Алмат Әбдікешов бұл мәселе бір ғана кәсіпорынға қатысты емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, нарықтағы шикізат көлемі шектеулі, ал кен өндіруші компаниялар шикізатты нақты бір өңдеуші кәсіпорынға жеткізуге міндетті емес.
«Иә, бұл – күрделі мәселе. Мұнда кен өндірушілердің де, шикізатты өңдеушілердің де мүддесін ескеру маңызды. Қазір өндірушілер мен тұтынушылардың өзара келісімге келуіне көмектесетін тетіктер бар. Келесі айда Үкімет сағаты өтеді. Онда өңдеу өнеркәсібін қолдау және офтейк-келісімшарттар мәселесін міндетті түрде талқылаймыз. Алайда кәсіпорын осы тетікті пайдалана алуы үшін тиісті бұйрыққа өзгерістер енгізу қажет», – деді депутат.