Қазақстанның республикалық бюджетіне биылғы тоғыз айда 2,7 трлн теңге түсті

Автор: Махан Миражан

Ал мемлекеттік бюджеттің кірістері 20,2 трлн теңгеге жеткен 

Фото: ЖИ

Қазақстанның республикалық бюджетіне биылғы тоғыз айда 2,7 трлн теңге кіріс түсті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 26%-ға көп. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкімет отырысында министр ең алдымен мемлекеттік бюджеттің жағдайына тоқтала кетті

«Трансферттерді есепке алмағанда, мемлекеттік бюджеттің кірістері 20,2 трлн теңгені құрап, жоспар 98,5%-ға орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда өсім қарқыны 16,3%-ға жетіп, 2,8 трлн теңгені құрады. Бұл ретте өткен жылмен салыстырғанда салық түсімдері 3 трлн теңгеге артып, жалпы өсім қарқыны 130,3%-ды құрады», - деді Такиев. 

Министрдің айтуынша, бюджет кірісінің өсуіне әлемдік нарықтағы экспорттық тауарлардың бағасы, сауда айналымының артуы және салық мөлшерлемелерінің өзгеруі әсер еткен.

Есепті кезеңде тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің айналымы шамамен 14%-ға өсіп, 19,7 трлн теңгеге жеткен. Сонымен қатар бизнеске қосылған құн салығы бойынша 811,5 млрд теңге қайтарылған.

«Кедендік төлемдер 706 млрд теңгеге өсіп, 3,9 трлн теңгені құрады. Үшінші елдермен тауар айналымы 14,3%-ға, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт 11,5%-ға артты», – деді Мәди Такиев.

Сыртқы сауданың өсуімен бірге кедендік транзит көлемі де ұлғайған. Тоғыз айда 1,2 млн транзиттік декларация рәсімделген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 18%-ға көп. Ал тауар айналымының көлемі 13%-ға өсіп, 19,4 млн тоннаға жеткен.

«Автомобиль өткізу пункттері арқылы өткен көлік саны да артты. Есепті кезеңде шамамен 1,5 млн көлік құралы тіркеліп, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 19,3%-ға, яғни 234,4 мыңға артқан», - деді Такиев.

Министрдің мәліметінше, алдағы уақытта бюджет кірісін арттыру үшін салық базасын кеңейтуге және салықтық әкімшілендіру сапасын жақсартуға басымдық беріледі.