Елде кәсіпкерлер саны 3,2 миллионға жетті

Автор: Махан Миражан

Бұл былтығы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,5% көп

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды қоса есептегенде, кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3,2 миллионға жетті. Бұл былтығы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,5% көп. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, биылғы тоғыз айда елде 277 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 34,7 мыңы – заңды тұлға, 242,3 мыңы – жеке кәсіпкер.

Сонымен қатар осы кезеңде 19,7 мың заңды тұлға мен 356 мың жеке кәсіпкер есептен шығарылған. Алайда бұл жеке кәсіпкерлердің барлығы жұмысын толық тоқтатты дегенді білдірмейді.

«Жабылған 356 мың жеке кәсіпкердің 42,6% 2025 жылы табыс таппаған, ал 20,8% өз қызметін жалғастыра отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне көшкен», – деді министр Үкімет отырысында.

Сондай-ақ жалпыға бірдей белгіленген салық режимінде жұмыс істейтін және қосылған құн салығын төлейтін кәсіпкерлердің саны 28% артқан.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимге 981 мың адам тіркелген. Оның 807 мыңы алғаш рет салық есебіне тұрған.

«Үкімет алдағы уақытта экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға және өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуға басымдық бермек. Жоспарланған өндірістік жобаларды жыл соңына дейін іске қосу көзделген», - деді Серік Жұманғарин.