Бельгиялықтар королі көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тағы да алғыс айтты
Бельгиялықтар королі Филипп Қазақстанның бай тарихымен және мәдениетімен жақын танысуға ниетті екенін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Астана мен Алматының көрікті жерлері мен музейлерін аралап, Алтын Орда дәуірінен тамыр тартатын тарихпен тіл қатысуға асықпын. Бельгия делегациясымен бірге Абай шығармаларында айрықша суреттелген, қазақтың ұлттық ерекшеліктерін паш ететін табиғи және мәдени қазынамен танысуға құштармыз. Қазақ елі қонақжайлығымен мәшһүр. Елдеріңіз қоғамның ынтымақ-бірлігін өз ішінде ғана емес, аймақтық және халықаралық деңгейде нығайтуға белсенді түрде үлес қосып келеді. Осы бағытта Қазақстан әрдайым маңызды рөл атқарады», – деді ол.
Бельгиялықтар королі сөз соңында көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тағы да алғыс айтты.
«Шаңырағыңыз биік болсын!». Мен бұл сөзді дұрыс айттым деп ойлаймын. Қазақстанға мемлекеттік сапарымыздың мәнін аталған тілек толығымен ашады. Отбасы бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығын, ырыс пен несібені, бейбіт өмір мен жылы ұяны осы бірауыз сөзге сыйдыруға болады», – деді Король Филипп.