Осы жылғы медиа апталықтың басты тақырыбы – «MEDIA. HUMAN. AI: 10 жылдық трансформация. Сенімнің жаңа архитектурасы»
Еліміздің медиа саласындағы маңызды оқиғаларының бірі – «Astana Media Week» биыл оныншы рет ұйымдастырылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
14-16 қазан аралығында Астанада өтетін медиаплатформаға шетелдік және отандық БАҚ өкілдері, журналистер, медиаменеджерлер мен креативті индустрия сарапшылары қатысады.
Осы жылғы медиа апталықтың басты тақырыбы – «MEDIA. HUMAN. AI: 10 жылдық трансформация. Сенімнің жаңа архитектурасы». Үш күнге созылатын бағдарлама аясында жасанды интеллектінің журналистикаға, медиаға және контент өндірісіне ықпалы, цифрлық қауіпсіздік, технологиялық платформалардың жауапкершілігі және аудитория сенімінің өзгеруі секілді тақырыптар талқыланады.
Іс-шараға беделді әлемдік және қазақстандық БАҚ-тың топ-менеджерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, Euronews, Meta, Tik-Tok және Q.AI компанияларының өкілдері, танымал журналистер мен медиасарапшылар қатысады. Сондай-ақ Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстанның медиа саласының өкілдері қатысатынын растады.
Орталық Азияның халықаралық ақпарат кеңістігіндегі орны да медиа апталықтағы маңызды тақырыптардың бірі болмақ. «Central Asia in English» редакциялық зертханасында өңірді жаһандық аудиторияға таныстыру және аймақтық өзіндік медиа нарративтерін қалыптастыру мәселелері қарастырылады.
15 қазанда Қазақстанның креативті индустриясы, медиа нарықтағы экономика, жарнаманың жаңа модельдері және ақпараттық саясаттағы өзгерістер тақырыптары талқыланады. Бағдарламада практикалық шеберлік сабақтары қарастырылған. Сонымен қатар, «Үздік баспасөз хатшысы» және «Үздік баспасөз қызметі» марапаттары табысталады.
16 қазанда медиа апталық Qazaqstan Media Awards салтанатты рәсімімен қорытындыланады.