Кештегі кептеліс пен қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан бір көрермен ауруханаға түскен
10 қазанда Шымкентте өткен Қайрат Нұртастың концертінде кептеліс болып, көрермен жарақат алды. Полиция ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шымкентте эстрада жұлдызы Қайрат Нұртастың концертінен кейін қылмыстық іс қозғалды. Кештегі кептеліс пен қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан бір көрермен ауруханаға түскен.
Оқиға 10 қазанда болған. Шара барысында халықтың тым көп жиналуынан қатты сығылыс болып, салдарынан бір бойжеткен жарақат алды. Жедел жәрдеммен медициналық мекемеге жеткізілген тұрғын қазір дәрігерлердің бақылауында жатыр.
Әлеуметтік желі қолданушылары іс-шараның кіреберісіндегі ұйымдастыру кемшіліктері мен адам көптігінен туындаған кептеліске шағымданды. Билеті бар кейбір көрермен ішке кіре алмай қалса, енді біреулер билетсіз өткен. Сонымен қатар кіреберіс қақпалары бүлініп, көрермендер әлеуметтік желіде дене жарақаттары мен көгерген жерлерін көрсетті.
Шымкент қалалық полиция департаменті қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
«Концертті ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді. Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, олардың әрекетіне заңды баға беріледі», – деп хабарлады тәртіп сақшылары.
Сервис өкілдері кешті ұйымдастырушы Show Service компаниясы екенін хабарлады. Өздері тек билет сатумен және волонтерлер жұмысымен айналысқанын, ал ғимаратты дайындау мен күзетке жауапты болмағанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.