Төтенше жағдайлар органдары ата-аналарға кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауды және қауіпсіздік ережелерін бекем сақтауды ескертті
Шымкентте ойын кезінде абайсызда саусағын өзінің дәретке отыратын ыдысына қысып алған кішкентай балаға құтқарушылар көмекке келді. Бүлдіршін зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар департаментіне Шымкент қаласында 3 жасар баланың саусағы өзінің дәретке отыратын пластмасса ыдысына қысылып қалғаны туралы шұғыл хабарлама келіп түскен.
Шұғыл жеткен құтқарушылар баланың саусағын ыдыстың кішкентай тесігіне кіргізіп алып, қайта шығара алмай жатқанын анықтады.
Құтқарушылар бүлдіршінді қорқытып алмау үшін жұмысты барынша ұқыпты жүргізді. Арнайы құралдардың көмегімен пластик ыдысты абайлап кесіп, баланың саусағын босатты. Бүлдіршінге медициналық көмек қажет болмады.
Төтенше жағдайлар органдары ата-аналарға кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауды және қауіпсіздік ережелерін бекем сақтауды ескертті.