Астанада күзгі экологиялық акцияға 400 мыңға жуық тұрғын қатысты

Автор: Дәулет Ботагөз

Елордада 12 қыркүйек пен 10 қазан аралығында өткен «Таза Қазақстан» күзгі экологиялық айлығы аяқталды

Фото: қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Елордада 12 қыркүйек пен 10 қазан аралығында өткен «Таза Қазақстан» күзгі экологиялық айлығы аяқталды. Қаланы тазарту, абаттандыру және көгалдандыру іс-шараларына 400 мыңға жуық тұрғын мен 15 мың кәсіпорын және ұйым қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Экологиялық айлық барысында елорданың барлық ауданында 9 мыңға жуық аула аумағы ретке келтірілді. Қоқыс үйінділерін тазалаумен бірге, 150 мың тоннадан астам қалдық шығарылды. Жұмысқа 3 мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылды.

Экологиялық айлықтың негізгі бағыттарының бірі – көгалдандыру. Күзгі ағаш отырғызу науқаны мен сенбіліктер кезінде қалада 13 мыңға жуық ағаш, сондай-ақ 175,9 мың бұта мен гүл егілді.

2026 жылдың басынан бері Астанада барлығы 932,3 мың жасыл желек егілді. Оның ішінде 21 мың ағаш, сәнді және гүлдейтін 503,4 мың бұта, жанды қоршауға арналған 28 мың өсімдік, 130,7 мың бұта және т.б. Бұл маусым аяқталғанға дейін тағы 45 мың жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.

Тазалық және көгалдандыру жұмысына волонтерлер, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, коммуналдық қызметтер мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметкерлері, банктер мен мәдениет мекемелерінің ұжымдары, ПИК және МИБ қатысты.

Экологиялық акциялар аулаларда, саябақтарда, скверлерде және басқа да қоғамдық орындарда өтті.