Ауада зиянды заттардың жиналуы салдарынан тұрғындардың денсаулығына кері әсер тиюі мүмкін
«Қазгидромет» синоптиктері 11 қазан күні еліміздің бірнеше өңірінде қолайсыз метеорологиялық жағдай орнайтынын ескертті. Ауада зиянды заттардың жиналуы салдарынан тұрғындардың денсаулығына кері әсер тиюі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Болжамға сәйкес, Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Мамандардың мәліметінше, бұл қалаларда баяу жел, инверсия және тұман сияқты факторлар бірігіп, жерге жақын қабатта ластаушы заттардың шоғырлануына әкеп соғады. Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.
Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:
1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.
2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.
3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.