Подъезде ұйықтап қалған: Ақтауда жасөспірімге қатысты тексеріс басталды

Автор: Алмас Ерсін

Жасөспірімнің жағдайын мамандар бақылауға алды

Фото: instagram.com/112_aktau

Ақтауда 14 жастағы бала тұрғын үйдің кіреберісінде ұйықтап қалған. Маңғыстау облысының Бала құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Несібелі Қуатова жағдайға қатысты пікір білдірді, хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алдын ала мәлімет бойынша, 8 қазан күні кешке жасөспірім ойнауға үйінен шыққан. Сағат 22:30 шамасында анасы оны аулада көрген.

Кейін ата-анасы ведомство қызметкерлеріне баланың подъезде досын күтіп отырып, екінші қабатта ұйықтап қалғанын айтқан. Сол маңнан өтіп бара жатқан әйел 14 жастағы жасөспірімді байқап, үстіне көрпе жапқан.

Басқарманың мәліметінше, бала «эпилепсия» диагнозымен неврологтың бақылауында тұр.

10 қазан күні жасөспірімге психолог жіберу жоспарланған. Ведомство оған психологиялық қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.