Маркетплейс үйретемін деп халықты алдаған Астана тұрғыны алты жылға сотталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол 15,6 миллион теңге шығын келтірген

Фото: istockphoto.com

Астана тұрғыны маркетплейстерде бизнес жүргізуді үйретемін деп және тауар сатып алып, қайта сатудан түсетін пайданы уәде етіп, бес адамды сан соқтырған. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 15,6 миллион теңгені құрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық прокуратураға сілтеме жасап.

Әйел әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға маркетплейстермен жұмыс істеу бойынша оқу курстарын ұсынған. Сабақ барысында ол жәбірленушілердің сеніміне кіріп, сатуға арналған тауарларды сатып алуға ақша салуды және салынған инвестицияны пайдасымен қайтаруды уәде еткен.

Алайда ол қолға тиген қаражатты өз қалауынша жұмсап жіберген. Оның бұл әрекеттерінің салдарынан бес адамға жалпы көлемі 15,6 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келді.

Сот үкімімен әйел алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұрынғы соттылығы ескеріле отырып, оған алты жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды.

Астана қаласының прокуратурасы жоғары табысқа кепілдік беру, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы «бизнесті дамытуға» ақша беру мен инвестиция салу ұсыныстары алаяқтық схемалардың бір бөлігі болуы мүмкін екенін ескертті.

Құзырлы орган азаматтарды қаражатты қабылдаушының жеке басын, оның қызметінің заңдылығын алдын ала тексермей және міндеттемелерді құжат жүзінде рәсімдемей, ірі көлемде ақша аудармауға немесе қолма-қол бермеуге шақырды.