МӘМС керек емес: қазақстандықтар келер жылдан бастап емханаға алғаш жүгінгенде тегін қарала алады

Автор: Асыл Арман

Алғаш жүгінген кезде МӘМС жүйесіндегі мәртебесі талап етілмейді

Фото: istockphoto.com

Қазақстандықтар енді 2027 жылдан бастап емханаға алғаш жүгінген кезде МӘМС жүйесінде бар-жоғына қарамастан қарапайым медициналық көмекті тегін ала алады. Бұл туралы «Қазақстан Республикасында медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 30 наурыздағы №49» бұйрықтың жобасында айтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ашық НҚА мәліметіне сүйенсек, 2027 жылдың қаңтар айынан бастап қазақстандықтар емханаға алғаш рет жүгінген кезде МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, қарапайым медициналық көмекті тегін ала алады.

Бұл жерде мәселе науқас алғаш рет жүгінген кезде ғана көрсетілетін базалық қызметтерге қатысты. Ал базалық медициналық көмектің түрлері төмендегідей:

  • Жалпы қан және зәр талдауы;
  • артериялық қысымды және денсаулығының негізгі көрсеткіштерін өлшеу;
  • ЭКГ;
  • Пульсоксиметрия;
  • Флюорография;
  • жекелеген функционалдық зерттеулер;
  • құрсақ қуысы ағзалары мен бүйректердің ультрадыбыстық зерттеуі.

Міне аталған тізімдегі көмек емханаға алғаш рет жүгінгенде ғана тегін болады, яғни дәрігерлер МӘМС жүйесінде болуын талап етпейді.

Бұл тәсіл қазақстандықтардың алғашқы медициналық көмекке еш қиындықсыз жүгінуі үшін маңызды. Сол сияқты осы мәселені халық тезірек білуі үшін оларға автоматтандырылған қоңырау шалу мәселесі қарастырылған.