ТМД басшылары ұлттық тағамдар мен мәдени мұраны таныстыратын фестивальге барды
ТМД мемлекеттері басшылары ұлттық тағамдар фестивалін тамашалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ТМД мемлекеттері басшылары ұлттық тағамдар фестивалін аралады. Түрікменстан павильонында мемлекеттер басшыларының назарына жергілікті бақша және нан-тоқаш өнімдері, түрікмен кілемдері қойылған көрме ұсынылды.
Сонымен қатар әдеби-сазды «Оғыздар» («Огузлар») қойылымы көрсетілді. Қазақстанның ұлттық павильоны еліміздің тарихи-мәдени бай мұрасы мен заманауи жетістіктерін танытатын бірқатар тақырыптық алаңнан тұрады.
Мемлекеттер басшыларына ТМД-ға мүше елдердің ұлттық тағамдарын әзірлеу барысы таныстырылды. Фестиваль аясында президенттердің қатысуымен Ұйымға мүше мемлекеттер арасында өткен «Жүйріктің шабысы: күш пен сымбат» атты телевизиялық фильмдер байқауының жеңімпаздары марапатталды.