«Бала ұйықтап жатыр, тұрмайды, көмектесіңізші»: Екібастұз тұрғыны Ақмарал Әлназароваға бейнеүндеу жолдады

Автор: Махан Миражан

Дәрігердің салғырттығы дәлелденгенімен іс сотқа дейін жетпеген

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Екібастұз қаласының тұрғыны Кенже Егімбаев дәрігерлердің дер кезінде медициналық көмек көрсетпеуінен қызының денсаулығы күрт нашарлап, кейін мүгедек болып қалғанын айтып, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға бейне үндеу жолдады. Оның сөзінше, екі жыл бұрын қызы ауыр жағдайда Екібастұз қалалық ауруханасына түскен. Азамат бұл жағдайға байланысты арыз жазғанымен іс сотқа жетпеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кенже Егімбаевтың айтуынша, бірнеше күн бойы алты айлық қызының температурасы шыққан. Үйге жедел жәрдем қызметкерлері мен дәрігерлер келіп, үй жағдайында емделуге кеңес берген. Кейін баланың жағдайы нашарлап, ауруханаға түскен.

Оның сөзінше, алғашында дәрігерлер баласына пневмония диагнозын қойған. Алайда төртінші күні баланың денесі тырысып, жағдайы күрт нашарлағаннан кейін бөлім меңгерушісі қарап, менингит екенін айтып, тиісті талдаулар алған.

«Үш күн бойы менің әйелім оларға хабарласты. «Бала ұйықтап жатыр, тұрмайды, көмектесіңізші» деді. Бірақ кезекші дәрігерлер баланың дені сау дегеннен басқаны айтпаған. Бастапқыда пневмония деп диагноз қойды. Кейін меңгеруші дәрігер келіп, бірден менингит деп айтты. Анализ алды. Ол расталды. Өздеріңіз білетіндей, менингитті уақытылы емдемесе, ол сағат сайын ушыға береді», – дейді Кенже Егімбаев.

Әкесінің айтуынша, дәрігерлер баланың жағдайы өте ауыр екенін айтып, оны Павлодардағы ауруханаға ауыстырған. Қыз сол жерде шамамен 20 күн ем қабылдаған. Кейін оның денсаулығында бірқатар ауыр диагноз анықталған.

«Ақыр соңында өте ауыр жағдайда қызымды Павлодардағы ауруханаға ауыстырды. Павлодардағы ауруханада 20 күндей жатып емделдік. Гидроцефалия, көру жүйкесінің атрофиясы, эпилепсия деген диагноздар қойылды. Бұлардың біреуі де ауруханаға жатпай тұрып болмаған еді», – дейді ол.

Кенже Егімбаевтың сөзінше, осы жағдайдан кейін ол Екібастұздағы қалалық ауруханаға қатысты арыз жазып, медициналық сараптама жүргізуді талап еткен. Оның айтуынша, сараптама шамамен бір жылға созылған. Ол сотқа жүгінгенімен, іс тәуелсіз сараптама қорытындысынан кейін жалғаспай қалған.

«Мен арыз жаздым. Сараптама нәтижесін бір жыл күттім. Сосын соттастым. Павлодардың денсаулық басқармасы бірден құқық бұзу дерегін тапты. Олар бізге хабарын берді. Бұған қоса тәуелсіз сараптама да жасалды. Бірақ олар ештеңе таппады. Тек бәрі дұрыс деп берді. Сонымен іс сотқа жетпеді», – дейді Кенже Егімбаев.

Азамат редакцияға медициналық сараптамаға қатысты құжаттарды да жолдады. Айта кетейік, редакция тілшісі Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасына осы мәселе бойынша ресми сұрау жолдау үшін құжаттарды зерделеп жатыр.

Кенже Егімбаев қазіргі уақытта да қызының медициналық көмек алуына қатысты қиындықтар барын айтады. Оның сөзінше, жақында баласы тағы да ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Ол Екібастұздағы аурухананың жағдайы осыдан екі жыл бұрынғы күйінде қалғанын, оның баласы сияқты, қатты ауырған басқа бүлдіршіндердің ата-анасы дұрыс дәрігерге қаралу үшін сонау Павлодарға баруға мәжбүр екенін айтып, видеоүндеу жазған. 

«Тіпті ең қынжылтатыны – Екібастұздағы қалалық ауруханада әр емханада қамтылуы тиіс КТ 7-8 айдай болмады. Невропатолог, гастроэнтеролог сияқты қажетті мамандар мүлде жоқ. Тіпті қарапайым МРТ-дан өте алмайсың, Павлодарға жібереді», – дейді ол.

Кенже Егімбаевтың айтуынша, ол ДЦП диагнозы бар балалармен жұмыс істейді. Көп жылдар бойы өзге балаларды аяққа тұрғызып жүр. 

«Қызым қазір үш жаста. Бұл жағдайға 6 айында тап болды. Қазір қызым өте ауыр жағдайда. Олар сау баланы өлтірді деп те айтуға болады. Менде қазір дәрігерлердің салғырттығынан баламның сал болып қалғанын дәлелдейтін құжат бар. Бірақ менің баламды ешкім емдегісі келмейді», – дейді Кенже Егімбаев.

Соңғы екі жылда дәрігерлердің балаға дұрыс диагноз қоймағанынан және қажетті маман мен медициналық құрылғының жоқтығына қатты ашынған тұрғын Денсаулық сақтау министрлігіне бейне үндеу жолдады. Ол Екібастұз қалалық ауруханасындағы салғырттықты шешпесе, бұндай жағдай қайталана береді дейді. 

«Денсаулық сақтау министрлігі Екібастұз қаласының ауруханасына көңіл бөлуіңізді сұраймын. Екібастұз қаласының ауруханасында қажетті мамандар жоқ және КТ жұмыс істемейді. Оны өту үшін біз Павлодарға барамыз. Менің қызым Екібастұз қалалық ауруханасынан уақытылы көмек алмағандықтан мүгедек болып қалды және бұл тұрғыда дәрігердің қателігі анықталды. Бірақ ештеңе өзгермеді. Бұл жағдай қанша отбасының басынан өтуі керек? Екібастұз қаласының ауруханасына көңіл бөлуіңізді сұраймын», – деді ол.

Кенже Егімбаевтың шағымын тыңдаған соң, Павлодар облысының Денсаулық сақтау басқармасына ресми сауал жолдадық. Тұрғынның мәселесі редакциямыздың бақылауында болады және ведомствоның жауабын жариялайтын боламыз.