Депутат осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігіне бірқатар ұсынысын айтты
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ләззат Қожахметова балабақшаға кезекке қою тәртібін қайта қарауды ұсынып, баланы формалды түрде басқа ұйымға тіркеу талабын алып тастау мәселесін көтерді. Осыған байланысты оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол сөз басында мектепке дейінгі тәрбие мен білім баланың дамуы мен болашағына тікелей әсер ететін маңызды сала екенін, сол себепті әр бала тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білім алуы керек екенін қозғап өтті.
«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында да мектепке дейінгі және мектептегі білім сапасы баланың болашақ мүмкіндіктерінің негізі ретінде белгіленген. Бүгінде балабақшаға кезек мәселесі көптеген ата-ана үшін өзекті. Әсіресе Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда мектепке дейінгі ұйымдарға сұраныс жоғары. 2025 жылы енгізілген ваучерлік қаржыландырудың негізгі мақсаты – бюджет қаражатын балабақшадағы нақты қызметке бағыттау және қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету», – дейді Ләззат Қожахметова.
Ол сөзін жалғай отырып, мәселенің тағы бір шетін шығарды. Айтуынша, қазір баланы мектепке дейінгі ұйымға тіркеудің екі жолы бар. Орын болса бала бірден балабақшаға қабылданады. Егер орын болмаса, күту тізіміне қойылады. Алайда күту тізіміне тұру үшін баланы алдымен басқа балабақшаға тіркеуі тиіс. Соның салдарынан мемлекеттік балабақшадан орын күткен ата-ана баласын көбіне жекеменшік мекемеге тіркеуге мәжбүр. Нәтижесінде бала бір балабақшада тіркелгенімен, іс жүзінде басқа балабақшадан орын күтеді.
«Бұл жерде егер бала балабақшаға бармаса, мемлекет ол үшін ваучерлік қаржыны не үшін төлейді деген маңызды сұрақ туындайды. Расында, кейбір жекеменшік балабақшалар баланы іс жүзінде қабылдамай, тек құжат жүзінде тіркеп қояды. Ата-аналар мемлекеттік балабақшадан орын алу мүмкіндігін сақтап қалу үшін мұндай шартқа келісуге мәжбүр. Мемлекеттік қаржы нақты көрсетілген қызмет үшін төленуі керек. Сондықтан баланың балабақшада жай ғана тіркелуі емес, сол жерде шын мәнінде тәрбиеленіп, қызмет алуы басты өлшем болуы тиіс», – дейді депутат.
Сөз арасында мәселені кезек тұрғысынан емес, мектепке дейінгі білім беру жүйесінің тиімділігі ретінде қарастыру қажет:
«Сондай-ақ «формалды тіркелу» мен «нақты тәрбиелену» ұғымының ара-жігін ажыратып, пилоттық жобалардың нәтижелерін қоғамға ашық жариялау маңызды. Мемлекет әр балаға қаржы бөледі. Ендеше сол қаржының артында нақты бала, нақты орын және нақты көрсетілген қызмет тұруы керек», – дейді Құрылтай депутаты.
Сөз соңында Оқу-ағарту министрлігіне бірқатар ұсынысын жеткізді: