19 млн теңгеге рәсімделген мәмілені сот зерттеп, үйдің шын мәнінде сатылмағанын анықтады
Қызылордада 70 жастағы зейнеткер өз үйінің үш жарым жылдан бері басқа адамның атына тіркелгенін білмей келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2022 жылы Қызылорда қаласының тұрғыны 19 млн теңгеге жасалған сатып алу-сату шарты негізінде басқа адамның атына рәсімделген. Алайда әйел үйін сатуды жоспарламағанын айтқан.
Зейнеткердің айтуынша, оның ұлы қарызға ақша алған. Ұлы осы ақшамен қарызын жаппақ болған. Жасының ұлғаюына, сондай-ақ есту және көру қабілетінің нашарлауына байланысты әйел нотариуста үйді сату туралы емес, оны кепілге қою туралы құжаттарға қол қойып жатырмын деп ойлаған.
«Зейнеткер үш жарым жылдан астам уақыт бойы отбасы мүшелерімен бірге осы үйде тұрып келген. Коммуналдық қызметтердің ақысын төлеп, тұрғын үйді күтіп-ұстауға кеткен шығындарды да өзі көтерген. Үйдің заң жүзінде басқа адамның атына рәсімделгенін білмеген. Кейін тұрғын үйді сатып алған адам зейнеткерді және оның отбасы мүшелерін үйден шығару туралы сотқа талап арыз берген. Бұған жауап ретінде зейнеткер сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы қарсы талап қойды. Сот істі қарау барысында мәміленің жасалу жағдайларын жан-жақты зерттеді», - деп мәлімдеді Жоғарғы Соттың баспасөзі.
Соттың анықтауынша, 19 млн теңге зейнеткердің ұлына сатып алушының әкесі тарапынан қарыз ретінде берілген. Ал тұрғын үйге қатысты сатып алу-сату шарты осы қарызды қамтамасыз ету мақсатында рәсімделген.
«Сонымен қатар сот үйдің әдеттегі сатып алу-сату жағдайына сәйкес келмейтін бірқатар мән-жайды ескерген. Атап айтқанда, сатып алушы үш жарым жылдан астам уақыт бойы үйге талап қоймаған, оны пайдаланбаған және тіпті тұрғын үйге келмеген. Осы уақыт ішінде зейнеткер отбасымен бірге үйде тұрып, оны күтіп-ұстаған», - деп жазды Жоғарғы сот.
Бұдан бөлек, сот 2023-2024 жылдары «сатып алушыға» 4 млн теңге қайтарылғанын анықтаған.
Сот осы мән-жайлардың жиынтығы мәміленің шын мәнінде тұрғын үйді сату үшін жасалмағанын көрсетеді деген қорытындыға келген.
«Зейнеткер өз үйін іс жүзінде басқаға беруге ниеті болмаған. Сатып алу-сату шарты тұрғын үйді нақты сату мақсатында емес, қарыз қаражатын қайтаруды қамтамасыз ету үшін жасалған. Нәтижесінде Қызылорда қаласының соты сатып алу-сату шартын жарамсыз деп танып, 70 жастағы әйелдің тұрғын үйге деген құқығын қалпына келтірді», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Жоғарғы соттың хабарлауынша, мәмілені рәсімдеу кезінде анықталған бұзушылықтарға байланысты сот Әділет департаменті басшысының атына жеке ұйғарым шығарды. Ведомствоға жекеше нотариустың әрекеттеріне құқықтық баға беріп, анықталған кемшіліктерді жою тапсырылды. Бірінші сатыдағы соттың шешімі апелляциялық және кассациялық сатыларда да өзгеріссіз қалды.