Оқиға 5 қазан күні сағат 13:40 шамасында болды
Астанада қатты желдің салдарынан Talan Towers қонақүйінің алдында тұрған көліктердің үстіне құрылыс заттары құлап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 5 қазан күні сағат 13:40 шамасында болды. «Қазгидромет» мәліметінше, жел 23-28 м/с, ал кей уақыттарда 30 м/с жылдамдыққа дейін жеткен.
Оқыс жағдайға байланысты қалалық Полиция департаменті 5 қазан күні «Hyundai Mufasa» және «Chevrolet Tahoe» маркалы көліктердің зақымданғаны туралы хабарлама түскенін растады.
«Тексеру барысында қатты желдің салдарынан көпфункционалды кешеннің шатырынан OSB тақтасы үзіліп, автотұрақ аумағына құлағаны және салдарынан тұрақта тұрған екі көлікке зақым келгені анықталды. Аталған факт Есіл аудандық полиция басқармасында тіркелді. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатыр», – делінген ПД хабарламасында.
Болған жайтқа қатысты қонақүй әкімшілігі де пікір білдірді.
«Зақымдануға себеп болған фанера элементі пайдаланылып отырған террасаға бекітілген болатын. Мұндай элементтер қардың жиналуы мен мұздың қатуын болдырмау мақсатында суық ауа райы басталған сайын жыл сайын орнатылады. Кеше қатты желдің екпіні салдарынан элементтердің бірі үзіліп, орнынан жұлынып кеткен. Қазіргі уақытта біз болған жағдайдың нақты мән-жайларын анықтау мақсатында ішкі тексеру жүргізіп жатырмыз. Атап айтқанда, бекіту жүйесінің сенімділігі де тексерілуде. Оқиға құқық қорғау органдарымен тіркелді, барлық қажетті іс-шаралар жүргізілуде», - деп атап өтті «Талан Тауэрс» әкімшілігі редакцияның сауалына берген жауабында.
Сондай-ақ сауда орталығы аталған оқиға сақтандыру жағдайына жататынын жеткізді.
«Қалыптасқан жағдайдағы жауапкершілігімізді түсінетінімізге және өз тарапымыздан келтірілген нақты залалды толық көлемде өтеуді қамтамасыз ететінімізге сендіреміз. Сақтандыру төлемі келтірілген залалды толық көлемде өтемеген жағдайда, өтелмеген қалған сома біздің тарапымыздан өтеледі», - деді орталық әкімшілігі.