Маңғыстауда табиғи нысанды бүлдірді деген күдікпен ер адам ұсталды
Маңғыстау облысында Ыбықты сай аумағын бүлдірді деген күдікпен 34 жастағы ер адам ұсталды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Ыбықты сайға жазу жазылғаны туралы видео әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған.
«Осы факті бойынша қылмыстық тергеу басталды. 34 жастағы күдікті ер адам ұсталды. Тергеу жүріп жатыр», – деп хабарлады ведомство.
Полиция вандализм жасауға және табиғи нысандарды бүлдіруге болмайтынын атап өтті.
«Мұндай әрбір жағдайға құқықтық баға беріледі, ал кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады», – деп атап өтті полиция.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 294-бабына сәйкес, вандализм жасағаны үшін 100-ден 200 АЕК-ке дейін (432 500-ден 865 000 теңгеге дейін) айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.