Ұстаздар күніне орай «Ұстаз айтса» атты диалог алаңы өтті
«Әділет» партиясының ұйымдастыруымен Ұстаздар күніне орай «Ұстаз айтса» атты диалог алаңы өтті. Жиында педагогтер білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен ұсыныстарын айтып, мұғалімнің қазіргі қоғамдағы рөлі, жасанды интеллект, оқушының қызығушылығын арттыру және педагогтердің еңбек жағдайын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шарада Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов педагог мәртебесін көтеруге бағытталған шараларға тоқталды. Оның айтуынша, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдердің жалақысы соңғы жылдары екі есеге өскен. Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына жаңа курстар енген.
«Мемлекет білім беру саласына айрықша мән беріп жатыр. Бүгінде мұғалім беделді мамандықтардың қатарында. Педагог мамандығының қоғам тарапынан мойындалуы бойынша Қазақстан әлемде екінші орында тұр. Ал мұғалімдердің жалақысына қанағаттану деңгейі бойынша әлемдегі топ-5 елдің қатарына кіреді», – деді Жайық Шарабасов.
Вице-министр жаңа оқу жылынан бастап 5-7 сынып оқушыларына Конституция негіздері, ал 8-11 сыныптарға «Заң және тәртіп» оқу курсы енгенін атап өтті.
Диалог барысында Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов қазіргі мұғалімнің жұмысы технология дамыған сайын жеңілдеп емес, керісінше күрделене түскенін айтты. Оның пікірінше, бүгінде педагог оқушының назарын түрлі цифрлық платформалармен бөлісуге мәжбүр.
«Қазір жасанды интеллект, барлық технология мен құрылғылар бар. Бірақ менің ойымша, қазір ұстаздар үшін сабақ беру одан әрі қиындап кеткен. Себебі біздің балаларымыздың зейініне талас өте күрделі. Мұғалімдер Netflix-пен, YouTube-пен, әлеуметтік желілермен, тіпті жасанды интеллектпен балалардың назары үшін таласып жатыр», – деді депутат.
Аймағамбетовтің айтуынша, мұндай жағдайда мұғалімнің міндеті тек дайын ақпарат берумен шектелмеуі керек. Ол оқушының өз бетінше ойлауына ықпал ететін сұрақтар қоюдың маңызы артып отырғанын атап өтті.
«Балалар дайын жауаптар әлемінде өмір сүріп жатыр. Кез келген сұрақты қойсаң, барлық сұрақтың жауабы бар. Осындай кезеңде балаларды қалай қызықтырамыз? Балаларға «Неге?», «Қалай?», «Қашан?» деген сұрақтарды қоюды үйрету маңызды болып бара жатыр. Сондықтан мұғалімнің орнын ешбір жасанды интеллект алмастыра алмайды», – деді Асхат Аймағамбетов.
Депутат сонымен қатар педагогтердің сабақтан тыс уақытта атқармайтын жұмыстары мен есеп беру мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, қабылданған заңнамалық өзгерістер мұғалімдерді тек кәсіби міндеттерімен айналысуға бағытталған.
«Сабақтан тыс уақытта бала қандай да бір оқиғаға тап болса, онда түсініктемені сынып жетекшісі беретін. Тіпті осындай біршама кейстер болды. Мектеп директоры сынып жетекшісін жұмыстан шығарып жіберген жағдайлар да кездесті. Сондықтан біз алдыңғы жылы өте маңызды заңды дайындадық. Енді мұғалімдер тек өзінің жұмысымен шектеледі», – деді депутат.
Ол мұғалімдердің есеп беруіне қатысты да өзгеріс енгеніін айтты. Бұдан былай қағаз немесе электронды форматта жасалатын есеп екі форматта қатар тапсыру талабы болмауы керек.
Диалог алаңында ұстаздар да өз тәжірибелері мен ұсыныстарын ортаға салды. Педагогтер оқушының сыни ойлау қабілетін дамыту, ұлттық және адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, сондай-ақ баланың пәнге қызығушылығын арттыру мәселелеріне назар аударды.
«Сабаққа дайындық кезінде және оқу материалдарын әзірлеуде жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды тиімді пайдалану тәжірибесін кеңінен қолдану қажет. Бұл мұғалімнің уақытын үнемдеп қана қоймай, оқушының деңгейіне қарай материал дайындауға мүмкіндік береді», – деді ұстаздар.
Педагогтер бастауыш сыныптарда білім мен тәрбиені қатар алып жүрудің маңызын да атап өтті. Олардың пікірінше, баланың мектепке және білім алуға деген алғашқы көзқарасы дәл осы кезеңде қалыптасады.
«Оқушының пәнге қызығушылығын арттырумен қатар, оқу қиындықтарын жеңуге көмектесу және әр баланың қабілетін ашуға жағдай жасау маңызды. Мұғалімнің қоғамдағы орны мен кәсіби мәртебесі де осы үдеріспен тығыз байланысты», – деді педагогтер.
Іс-шара соңында білім саласына қосқан үлесі үшін бірқатар мұғалімге «Әділет» партиясы мен Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ партия өкілдері іс-шара соңында төрағаның атынан Астанадағы №101 мектептің кітапханасына «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында біраз кітапты сыйға тартты.