Бүгін Қазақстанда Ұстаздар күні тойланып жатыр
Бүгін Қазақстанда Ұстаздар күні тойланып жатыр. Ата-ана да, оқушы да бұл күні ұстаздарды жан-жақтан құттықтап жатыр. Бірнеше сағат бұрын президент те Ақордада мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтап, оларды марапаттады. Бірақ бұл күні алғысқа бөленетін мұғалімдердің мәртебесіне қатысты қоғамда екіұдай түсінік әлі бар. Жасыратыны жоқ, бертінге дейін оқушы жазатайым оқиғаға ұшыраса оған ең алдыман мұғалім кінәлі болып шығатын. Бірақ биыл жазда Қазақстанда жаңа заң қабылданып, құжатта мұғалім бала үшін тек мектеп ішінде ғана жауапты екені, ал мектептен тыс уақытта баланың тағдыры ата-ананың өз мойнында екені жазылған. Бүгін Azattyq Rýhy тілшісімен сөйлескен Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов те осы ойды алға тартты.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы тамыз кеңесінде мұғалімдердің демалыс күндері немесе сабақтан тыс уақытта оқушыға қатысты болған жағдайлар үшін жауапкершілігіне қатысты мәселе көтерген.
«Сабақтан тыс уақытта және демалыс күндері оқушыға қатысты бір жағдай болса, оған мұғалім жауапты емес. Мемлекет басшысы да бұны қадап айтты. Сондықтан біз педагогтерге арнайы заң жасадық. Ол биыл маусымда қабылданды. Соның ішінде құқықтық мәселе заңнама тұрғысынан шешілді», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, мұғалімнің жауапкершілігі оның кәсіби қызметі мен оқушының мектептегі уақытына қатысты айқындалу керек.
«Мұғалім өзінің кәсіби қызметінің шеңберінде бала мектепте болған уақытта ғана ол үшін жауапты. Ал демалыста немесе түнде бір жағдай болса, оған ата-ана жауапты? Сабақ уақытында жауапкершілік мектепте, ал демалыс күні және түнде ата-анасы жауапты болуы керек», – деді Асхат Аймағамбетов.
Айта кетейік, Ұстаздар күнінде біз Qazaq Expert Club-тың мұғалім мәртебесі, олардың жалақысы мен мектептегі кәсіби қарым-қатынас мәдениеті секілді зерттеуін жариялаған едік. Оның үстіне, осыдан 1,5 ай бұрын Шымкентте директордың тапсырмасын орындаған ұстаз терезе жуып жатып құлап, жарақат алған еді. Кейін мектеп басшылығы жауапкершілікке тартылды. Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов бұндай жағдайлар бірен-сараң кездесіп тұратынын жасырмады
Депутаттың айтуынша, «Педагог мәртебесі туралы» заң ұстаздарды кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартпауға және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Алайда заң талаптары бұзылатын жекелеген жағдайлар кездеседі. Оның сөзінше, мектеп басшылығы, білім басқармасы, министрлік, әкімдік немесе ата-аналар тарапынан педагогтің құқығы бұзылған жағдайда, заң шеңберінде жауапкершілік қарастырылған.
«Кейде бірен-сараң фактілер болып тұрады. Егер осындай құқықбұзушылық болса, министрлікке жүгіну керек. Әр өңірде олардың өз департаменттері бар. Екіншіден, прокуратура және басқа да құқық қорғау органдары бар. Соларға жүгінетін болса, педагогтің құқығыын нақты кім бұзса, сол адам қатаң жауапкершілікке тартылуы керек», – деді депутат.