Жол-көлік оқиғасы бүгін, 5 қазанда болды
Астанада Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі жолды жолаушылар өткелінен кесіп өтіп бара жатқан адамды қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланды.
Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бүгін, 5 қазанда болған.
«Chevrolet Cobalt автокөлігінің жүргізушісі Әуезов көшесінде келе жатып, Сейфуллин көшесінен солға бұрылған кезде белгіленген жерден жолдың жүріс бөлігін кесіп өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіге жол бермей, қағып кеткен», – делінген хабарламада.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші медициналық мекемеге жеткізілді.
Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды. Жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.