Қазақстан мен Моңғолия арасындағы стратегиялық серіктестік дамып келеді

Автор: Дәулет Ботагөз

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Н. Номтойбайармен кездесті

Фото: Үкімет

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның оныншы отырысына қатысуға арнайы келген Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Н. Номтойбайармен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан мен Моңғолияның стратегиялық серіктестігі практикалық ынтымақтастықты кеңейту және үкіметаралық тұрақты диалогті қолдау үшін сенімді негіз болып отырғанын атап өтті.

Тараптар сауда, энергетика, атом, цифрлық, қаржы, мәдени-гуманитарлық салалардағы жоғары деңгейдегі негізгі уағдаластықтарды ілгерілету үшін екі Үкіметтің күш-жігерін жандандыру қажеттігіне келісті.

Әріптестіктің айтарлықтай әлеуеті ауыл шаруашылығы мен тау-кен секторында, кен орындарын барлау мен игеру, минералдық шикізаттарды өңдеу жобаларында шоғырланғанын атап өтті.

Бұл ретте тараптар тауар айналымы өсуінің басты шарттарының бірі саналатын елдер арасындағы көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығына да назар аударды.

Тараптар биылғы маусым айынан бастап қос ел астанасы арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылғанын атап өтіп, қосымша әуе бағыттарын іске қосу мүмкіндігін талқылады.

Кездесу соңында Қазақстан мен Моңғолия арасындағы бұған дейін қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға және бірлескен жобаларды ілгерілету жөнінде белсенді жұмыс істеуге келісті.