Қостанай облысында жүк көлігі өртенді

Автор: Дәулет Ботагөз

Қазіргі уақытта мамандар жүк көлігіндегі өрттің шығу себептері мен келтірілген шығын көлемін анықтап жатыр

Фото: ТЖМ

«Алматы – Екатеринбург» республикалық автожолында жүк көлігін толығымен жалын шарпыды. Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Қарабалық ауданында шыққан өртті жедел түрде ауыздықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға «Алматы – Екатеринбург» республикалық маңызы бар автожолының 208-шақырымында, Приуральское ауылынан 5 шақырым жерде болған. Минералды мақта тасымалдап бара жатқан жүк көлігінде белгісіз себептермен өрт шыққан.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгенде жүк көлігі толығымен ашық жалынға оранған. ТЖМ қызметкерлері дереу өртті сөндіруге кірісіп, жалынды толықтай жойды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі уақытта мамандар жүк көлігіндегі өрттің шығу себептері мен келтірілген шығын көлемін анықтап жатыр.