Алматыда көппәтерлі 60 үйдің қасбеті жаңарып, тарихи маңызы бар ғимараттар жөнделіп жатыр

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады

Фото: Алматы әкімдігі

Алматының орталық көшелеріне сән кіріп, жан-жағы жаңарып жатыр. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі осы уақытқа дейін атқарған жұмысы туралы есеп берді. Осы және өзге жұмыстар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматыдағы Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәселен, әкімдік Алмалы ауданындағы қоғамдық кеңістікті абаттандырып, ғимараттардың қасбетін жаңартып жатыр.

«Биыл көппәтерлі 60 тұрғын үйдің қасбеті жөнделіп, оның 41 нысанындағы жұмыстар толық аяқталды», - дейді Шамшин.

Оныңайтуынша, тұрғын үйлердің қасбеті жөнделгенде қалалық дизайн-кодтың талабы ескерілген.  Ғимараттар табиғи тас және гранитпен қапталады, кондиционерлер бірыңғай әдемі себетке салынады, балкондар бірыңғай стильмен жөнделіп, архитектуралық жарық ілінген.

«Тарихи маңызы бар ғимараттардың сырты сылақтық сәндік элементтермен көмкеріледі», - деп хабарлайды аудан әкімі.

Ал ауданның орталық бөлігінде бірыңғай жаяу жүргіншілер бағыты қалыптаса бастаған. Ол Байсейітова мен Панфилов көшесіндегі серуен аймағын Масаншы мен Қарасай батыр арқылы Абай даңғылымен байланыстырады.

«Қазір Панфилов, Чайковский көшесі мен Гагарин даңғылы абаттанды. Қарасай батыр мен Құрманғазы көшесінде жұмыс жүріп жатыр, Жас көрермендер театрындағы алаңқай күрделі жөндеуден өтеді. Мұнда автоматты және тамшылатып суару жүйесі орнатылады», - деді аудан әкімі

Көшені жарықтандыру жүйесін жаңғырту аясында тротуардың бойына 300 жаңа шам, ал ауданның алты көшесінде тағы 500 баған орнатады.

 Кәсіпкерлер де абаттандыру жұмысына қатысқан көрінеді. Бизнес өкілдері іргелес аумақтарға өсімдік егуді өз міндетіне алады. Қазір ауданда жыл соңына дейін жоспарланған 70 мың көпжылдық бұтаның 45 мыңы егілді.