Құтқарушылар үйден 1968 жылы туған ер адам мен әйел адамның денесін алып шықты
Ақмола облысына қарасты Щучье қаласында жер үй өртеніп, ерлі-зайыпты қаза тапты. Полиция олардың үйін жергілікті тұрғын өртегенін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Бурабай ауданының Щучинск қаласында жеке тұрғын үйден өрт шықты. Өрт 90 шаршы метр аумақты шарпыған. Оқиға орнына келген ТЖД күштері мен құралдары өртті сөндірді.
«Өртті сөндіру барысында құтқарушылар үйден 1968 жылы туған ер адам мен әйел адамның денесін алып шықты. Өртті сөндіруге 16 жеке құрам қызметкері мен 4 техника жұмылдырылды. Өрттің шығу себебі алдын ала анықталып жатыр», – делінген ТЖД хабарламасында.
Ал Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Алдын ала анықталғандай, 39 жастағы жергілікті тұрғын тұрғын үйді қасақана өртеген. Оқиға салдарынан осы үйде тұрған ерлі-зайыпты қаза тапқан. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – делінген ПД хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін Щучье қаласында 58 жастағы ерлі-зайыпты өз үйіндегі өрттен қаза тапқаны хабарланған.