Елорда прокурорлары алимент төлеушілерден 2 млрд теңгеден астам қаржы өндіріп алды
Астанада 5 мың ата-ананың балаларына төлемеген алиментінің жалпы мөлшері 2 млрд теңгеден асқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметінше, 5,5 мың ата-ана тиісті мөлшерде алимент төлемес үшін жалпы көлемі 26 млрд теңге табысын жасырған.
«Елорда прокурорларының бастамасымен алимент төлемейтіндермен күрестің жаңа әдісі енгізілді – бұдан былай өндіріп алу кезінде бұрын жеке сот орындаушыларының назарынан тыс қалған борышкерлердің арнайы техникасы да қамтылатын болады. Жаңа тәсілдің арқасында прокурорлар жалпы құны 2 млрд теңге болатын 126 бірлік құрылыс, жол және ауыл шаруашылығы техникасын анықтады», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта прокуратура 2,5 мың баланың пайдасына 2 млрд теңгеден астам алимент өндіріп алды.
Тексеру нәтижелері бойынша анықталған миллиардтаған кірістер мен арнайы техникаға өндіріп алуды қамтамасыз ету, сондай-ақ әрекетсіздікке жол берген кінәлі тұлғаларды қатаң жауапкершілікке тарту жөнінде Әділет министрлігіне қадағалау актісі енгізілді.